Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларының қатысуымен өндірістік парктерді дамыту мәселесіне арналған мәжіліс өтті.
Жиында өңірдегі өндірістік парктердің құрылысы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және оларды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.
Бүгінде Түркістан облысында 29 шағын өндірістік парк құрылып, олардың аумағында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Оның ішінде 150 ғимарат пайдалануға берілген. Жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайтын 269 инвестициялық жоба қалыптастырылып, қазіргі таңда 98 жоба іске қосылған.
Өндірістік парктерде өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған түрлі өндіріс орындары кезең-кезеңімен жұмысын бастап жатыр. Атап айтқанда, Шаға өндірістік паркінде жиһаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар іске қосылған. Ал Сауран ауданында жиһаз жасау, құрылыс материалдарын өндіру және металл өңдеу бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда.
Шардара ауданында модульді және капсулалы үйлер, термопанельдер, қасбеттік және декоративті материалдар өндіретін цехтар ашылған. Отырар ауданында темір бұйымдарын шығару, құрама жем өндіру, жемістерді сублимациялық әдіспен кептіру және құрылыс материалдарын шығару бағытындағы кәсіпорындар жұмысын бастаған.
Сонымен қатар Төлеби ауданында полиэтилен өнімдері, пластик есік-терезелер, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру жолға қойылса, Қазығұрт ауданында бал шаруашылығына арналған жәшіктер, матрас өндірісі және пластик ыдыстарды қайта өңдеу жобалары іске асырылуда.
Жетісай ауданында жиһаз жасау, металл бұйымдарын өндіру және дәнекерлеу цехтары ашылған. Ал Созақ ауданында төрт өндірістік жоба іске қосылып, дайын өндірістік ғимараттар кәсіпкерлерге пайдалануға берілген.
Мәжілісте сондай-ақ Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстарын аяқтау, инженерлік инфрақұрылым жүргізу және инвесторларды орналастыру бағытындағы жұмыстардың барысы қаралды.
Кездесу барысында бірқатар өндірістік парктердегі электрмен қамту мәселелері, құрылыс жұмыстарының қарқыны және инвестициялық жобаларды іске қосу мерзімдерінің кешігу себептері талқыланды. Осыған байланысты жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне өндірістік ғимараттардың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды, бос тұрған нысандарға инвесторлар тартуды және меморандум негізінде жоспарланған жобаларды нақты өндіріске айналдыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ өңір басшысы инженерлік инфрақұрылым мәселелерін жедел шешіп, өндірістік парктердің екінші кезеңі аясында салынатын жаңа өндірістік ғимараттардың құрылысын уақытылы аяқтауды міндеттеді.
Түркістан облысында өндірістік парктерді дамыту бағытындағы жұмыстар өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық белсенділікті күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.