Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі жұмыспен қамту жоспарының орындалу барысын саралап, жауапты сала өкілдерімен арнайы жиын өткізді.
Мәжілісте Өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу көрсеткіштері қаралып, аудан-қалалардағы ахуал талқыланды. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың алғашқы алты айында өңірде 46 779 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда нақты 43 673 жаңа жұмыс орны ашылған.
Жиында Сарыағаш, Отырар, Төлеби және Шардара аудандарындағы жоспарлы көрсеткіштердің орындалу қарқыны төмен екені атап өтілді. Сонымен қатар бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру үлесі Бәйдібек және Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласында жеткіліксіз деңгейде қалып отыр.
Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамту шаралары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Алты айдың қорытындысы бойынша 151 жобаға 917 азаматты жұмысқа жолдау жоспарланған болса, бүгінде 183 жоба іске асырылып, 1666 жұмыс орны қалыптастырылған.
Жұмыс барысында еңбек шарттарын тіркеу мәселесі де қаралды. Бұл бағытта Сауран ауданында жұмыстар толық аяқталған. Ал Бәйдібек, Келес, Сайрам аудандары мен Түркістан, Арыс және Кентау қалаларында аталған жұмысты жандандыру қажеттігі ескертілді.
Облыс әкімінің орынбасары аудан және қала әкімдерінің орынбасарларына жұмыспен қамту көрсеткіштерін жақсарту, еңбек қатынастарының заңдылығын қамтамасыз ету және жоспарланған міндеттердің толық орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
– Орындалмау қаупі бар бағыттар бойынша шарасыздық танытпай, нақты шешімдер қабылдап, нәтижеге жұмыс істеу қажет. Жоспардың орындалуы – басты міндет, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан аудан-қалалардағы Мансап орталықтарының қызметіне жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелері де қаралды.
Өңірде халықты тұрақты жұмыспен қамту, еңбек нарығындағы белсенділікті арттыру және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.