«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының сайлауалды штабының мүшелері Сарыағаш ауданының орталығы мен ауылдық елді мекендерінде тұрғындармен бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, Сарыағаш қаласы мен Ақниет ауылының тұрғындарына партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, алдағы бес жылда өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға бағытталған негізгі міндеттер түсіндірілді.

Кездесулерде «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат әрі облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов партияның сайлауалды бағдарламасының мазмұны мен басым бағыттарына тоқталды.
Оның айтуынша, бағдарлама өңірдегі өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-қимыл жоспары болып табылады.
– Бағдарламада «Заң мен тәртіп», «Тиімді институттар», «Қуатты өңірлер», «Әділ экономика», «Цифрлық мемлекет», «Әлеуметтік ынтымақтастық», «Адами әлеует», «Жаңа мәдениет» және «Таза Қазақстан» бағыттары қамтылған. Әсіресе, ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың табысын арттыру мәселелеріне басымдық беріледі, – деді Алмас Салимов.

Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Нұралы Әбішов сайлауалды бағдарламада көзделген міндеттерді жүзеге асыруда жергілікті мәселелерді жүйелі шешудің, халықпен тұрақты байланыс орнатудың және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескерудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар мәслихат депутаттарының осы бағыттағы жауапкершілігіне назар аударды.
Ал Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, облыстық сайлауалды штабтың мүшесі Аслан Ибадуллаев бағдарламаның «Әділ экономика» бағыты бойынша кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, өндіріс орындарын ашу мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін түсіндірді.

Сондай-ақ «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Еркебұлан Мадиярұлы жастарға арналған мүмкіндіктер мен жастар саясатының басымдықтарын таныстырды. Атап айтқанда, жас буынның әлеуетін арттыру, сапалы білім алуына, кәсіби дамуына және жұмыспен қамтылуына жағдай жасау мәселелері сөз болды.
Кездесулер барысында ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу, халықтың табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Жалпы, Сарыағаш қаласы мен Ақниет ауылында өткен кездесулерде партияның алдағы бес жылға арналған экономикалық, әлеуметтік, білім беру, жастар саясаты және инфрақұрылым салаларындағы жоспарлары кеңінен таныстырылды. Сайлауалды штаб мүшелері белгіленген міндеттерді орындауда тұрғындармен ашық диалог орнатып, халықтың сұранысы мен ұсыныстарын ескерудің маңызын атап өтті.
Жиын соңында ұйымдастырушылар кездесуге қатысқан тұрғындарға алғыс білдіріп, алдағы мәслихат сайлауында азаматтық белсенділік танытуға шақырды.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді