«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының сайлауалды штабының мүшелері Кентау қаласында тұрғындармен және Кентау трансформатор зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Жиындар барысында партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы міндеттер кеңінен түсіндірілді.

Кездесулерге «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат әрі облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов, штаб мүшелері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.

Кентау трансформатор зауытының жұмысшыларымен кездесуде Алмас Салимов партия бағдарламасындағы өндірісті дамыту, инвестиция тарту және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталды.
– Сайлауалды бағдарламада өндірістік әлеуетті арттыру, инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу және тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген. Бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға дейін Түркістан облысында 105 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде Кентау қаласында 6 жобаны жүзеге асыру арқылы 1200-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, қала тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына да мүмкіндік береді, – деді Алмас Салимов.

Сонымен қатар жұмыспен қамту бағытындағы бастамалар да таныстырылды. Атап айтқанда, жыл сайын субсидияланатын жұмыс орындарын ашу, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, жастар практикасын кеңейту және «Күміс жас» жобасы арқылы аға буын өкілдерін еңбекке тарту көзделген. Бұл шаралар жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына бейімдеуге, жастардың кәсіби тәжірибе жинақтауына және тұрғындардың тұрақты табыс табуына бағытталған.
Ал қала тұрғындарымен өткен кездесуде партияның өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға арналған нақты жоспарлары таныстырылды. Алмас Салимов сайлауалды бағдарламаның халықты толғандыратын өзекті мәселелерді қамтитынын атап өтті. Олардың қатарында тұрақты жұмыспен қамту, сапалы жол, тұрғын үй, коммуналдық инфрақұрылым, қолжетімді білім мен медицина, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту бағыттары бар.

Бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға дейін Түркістан облысында елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейін 75,6 пайыздан 97 пайызға жеткізу, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 98 пайызға дейін арттыру жоспарланған.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес өндірісінің көлемін 30 пайызға ұлғайту, 25 жаңа білім беру нысанын салу, 26 мектепті күрделі жөндеуден өткізу, 48 денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру және 23 спорт кешенін салу міндеттері белгіленген.

Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың өтініштерін назарға алу және депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселелері де талқыланды. Осы бағытта бейнебақылау камераларын орнату және шалғай елді мекендерде «Әділет керуені» қоғамдық қабылдауларын өткізу бастамалары таныстырылды.
Экономикалық даму мәселелеріне қатысты ауыл шаруашылығын қолдау, су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағыттары да қамтылды.
Штаб мүшелері бағдарламаның басты ерекшелігі әр бағыт бойынша нақты көрсеткіштер мен мерзімдердің белгіленуі екенін атап өтті. Сонымен қатар мәслихат депутаттарының міндеттерді іске асыруға ықпал етіп, бағдарламаның орындалуына тұрақты бақылау жүргізудегі рөліне назар аударылды.

Кездесулер барысында зауыт жұмысшылары мен қала тұрғындары өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, өңірді дамытуға қатысты мәселелерді талқылады. Партия өкілдері халықпен тұрақты байланыс орнату және азаматтардың талап-тілектерін ескеру сайлауалды жұмыстың маңызды бөлігі екенін жеткізді.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді