«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының сайлауалды штабының мүшелері өңір жастарымен кездесу өткізді. Жиында партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, жастарды қолдау, сапалы біліммен қамту, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту бағытындағы басым міндеттер талқыланды.

Кездесуге «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат әрі облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов және штаб мүшелері қатысты.
Жиын барысында Алмас Салимов партияның алдағы бес жылға арналған бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, жастардың білім алуына, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

– Бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – жастарға сапалы білім алуға, тұрақты жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру. Бұл ретте өңір экономикасын әртараптандыру, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және цифрлық инфрақұрылымды дамыту маңызды рөл атқарады. Бағдарламада белгіленген міндеттер тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға емес, тұрғындардың, соның ішінде жастардың өмір сапасын арттыруға бағытталған, – деді Алмас Салимов.
Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, алдағы жылдары облыста 5 450 орынға арналған 25 жаңа білім беру нысанын салу және 26 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және шағын және орта бизнестің өнім көлемін 30 пайызға ұлғайту көзделіп отыр.

Бұл бастамалар өңір экономикасын дамытуға, өндірістік әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жастардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасауға бағытталған. Әсіресе, жас кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау, жаңа жобаларды жүзеге асыруына жағдай жасау және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне басымдық берілген.
Кездесуде «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат әрі облыстық сайлауалды штаб мүшесі Еркебұлан Мадиярұлы да сөз сөйледі. Ол жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, білім мен еңбек саласындағы мүмкіндіктерін кеңейту және олардың бастамаларына қолдау көрсету мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар кездесуде цифрлық технологияларды дамыту, елді мекендерді сапалы мобильді интернетпен қамту деңгейін 99,9 пайызға жеткізу және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру міндеттері таныстырылды. Бұл бағыттардың жастардың білім алуына, заманауи технологияларды меңгеруіне және жаңа кәсіп түрлерін дамытуына ықпалы түсіндірілді.
Жиын барысында жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Тараптар өңірдегі жастар саясатын дамыту, білім беру сапасын арттыру және жас буынның әлеуетін толық іске асыруға қажетті мүмкіндіктер жөнінде пікір алмасты.

Кездесу қорытындысында сайлауалды штаб мүшелері жастардың ұсыныстары мен бастамаларын назарға алудың, олармен тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өтті.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді