«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттары мен сайлауалды штабының мүшелері Төле би ауданында тұрғындармен және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесулер өткізді. Жиындарға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, штаб мүшелері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.

Кездесулер барысында «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын қолдау, су ресурстарын тиімді пайдалану, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру және әлеуметтік саланы жетілдіру бағыттарына басымдық берілді.
Алмас Салимов өз сөзінде Түркістан облысы үшін аграрлық саланың маңызына тоқталып, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға бағытталған бастамаларды атап өтті.

– Өңір халқының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, аграрлық саланы дамыту – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, суару каналдарын жаңғырту, жаңа су қоймаларын салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын дамыту көзделген. Бұл шаруалардың мүмкіндігін кеңейтіп, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады, – деді Алмас Салимов.
Сайлауалды бағдарламада халықты жұмыспен қамту, жастардың кәсіби тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасау, отбасыларды әлеуметтік қолдау және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері де қамтылған.

Сонымен қатар партия өкілдері қоғамдық ұйымдардың мүшелерімен, Аналар кеңесінің өкілдерімен және мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесіп, қоғамдағы отбасы институтының рөлі, ұрпақ тәрбиесі, жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру және рухани-мәдени мұраны сақтау мәселелерін талқылады.

Мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру, шығармашылық ұжымдарды қолдау, ауылдық жерлерде мәдени шаралардың ауқымын кеңейту және жастардың өнерге қызығушылығын арттыру мәселелеріне де назар аударылды.
– Қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның негізінде отбасы құндылықтары, ұрпақ тәрбиесі, мәдениет пен руханият жатыр. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың бастамаларын қолдау, ұлттық мұраны сақтау және мәдениет саласын дамыту – маңызды бағыттардың бірі, – деді партия филиалының төрағасы.

Кездесулер ашық пікір алмасу форматында өтті. Тұрғындар мен қоғамдық ұйым өкілдері ауданның дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдіріп, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Қатысушылар партияның сайлауалды бағдарламасындағы бастамаларға қолдау білдіріп, өңірдің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық дамуына бағытталған ұсыныстарын жеткізді.


Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді