«Әділет» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды штабының мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Ордабасы ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Басқосуға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Алмас Салимов, аудандық штаб мүшелері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесу барысында партияның «Әділетті болашақ үшін» атты бес жылдық сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, оның негізгі бағыттары мен өңірдің дамуына қатысты басым міндеттер түсіндірілді.

Алмас Салимов өз сөзінде елдегі саяси жаңғыру үдерістеріне, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларға тоқталды. Сондай-ақ өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалану, халықтың сұранысына сай шешімдер қабылдау және қоғамдық диалогты дамыту мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.

Жиында облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар ауданның өзекті мәселелеріне назар аударып, инфрақұрылымды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының сапасын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

Кездесуге қатысқан тұрғындар өз пікірлерін білдіріп, ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың, азаматтардың бастамаларын қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстар мен мәселелер ортаға салынды.


Басқосу ашық пікір алмасу форматында өтіп, партия өкілдері тұрғындардың ұсыныстары мен сұрақтарына назар аударды. Кездесу қорытындысында қатысушылар партияның сайлауалды бағдарламасымен танысып, алдағы міндеттер мен даму бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді