Түркістан облысында егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл мәселе бойынша өңір әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарының орындалу барысы қаралды. Жиынға Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
2026 жылға белгіленген жоспар бойынша аталған өңірлердегі 77 шаруашылық 7228 гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы игеру көзделген. Жер жырту бойынша жұмыстардың орындалуы: Мақтааралда – 90%, Шардарада – 81%, Жетісайда – 80%. Бүгінге дейін 22,6 мың гектар жерде сор шаю жұмыстары жүргізіліп, жұмыстар жалғасуда.
Облыс әкімінің орынбасары суғарудың басталу кезеңіне дейін сор шаю жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, мақта алқаптарын ұлғайту кезінде су үнемдеу әдістеріне басымдық беру қажеттігі айтылды.
«Суды ысырап қылмай, мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажет. Былтыр 114 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 195 млн текше метр су үнемделді. Осы тәжірибені негізге ала отырып, диқандарға мемлекеттік қолдау жөнінде толық ақпарат ұсынуды қамтамасыз етіңіздер», – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Облыста жалпы қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтуға қауқарлы су үнемдеу қондырғыларын шығаратын 4 кәсіпорын жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау аясында қосымша 5 кәсіпорын шаруаларға өз қызметін ұсынып отыр. Қазіргі таңда компаниялармен 4 мың гектардан астам жерді қамту бойынша келісімшарттар түзілген. Сондай-ақ, суғарудың жаңа әдісіне көшірілген 1842 гектар алқаптың құжаттары субсидиялауға ұсынылған.
Жиын қорытындысы бойынша хаттама жасалып, нақты тапсырмалар берілді.
Home Жаңалықтар Түркістан: Егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары бақылауда



