Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Кездесуде өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды қолдау және институционалдық ортаны жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Аймақ басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне тоқталып, қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті.
– Өңірде 215 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс жасауда. Бұл көрсеткіш бойынша республикада көшбасшылардың біріміз. Кәсіпкерлік саласы жұмыспен қамту мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторы болып табылады. Алдымызда шағын және орта бизнес үлесін арттыру, қайта өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер тұр. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар кәсіпкерлердің қаржысы мен уақытын үнемдеу мақсатында шағын өндірістік парктер жобасын іске қостық. Кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу арқылы ұсынылуда. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жүйелі өзара іс-қимылды күшейтіп, отандық бизнесті қолдау және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты бірлесіп жалғастырамыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Өз кезегінде Қанат Шарлапаев Түркістан облысының экономикалық әлеуетіне жоғары баға беріп, Палатаның өңірлік бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстарына тоқталды.
– Өңірлерге алғашқы сапарымды Түркістан облысынан бастағаныма қуаныштымын. Бұл – демографиялық әлеуеті жоғары, аграрлық секторы берік, кәсіпкерлік белсенділігі артып келе жатқан аймақ. Елдің экономикалық өсімінің негізгі нүктелерінің біріне айналуға барлық мүмкіндігі бар. Палата нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге белсенді қатысып, рәсімдерді жеңілдету және өңірлік бизнестің мүддесін қорғау бағытында жұмыс жүргізуде. Егер қандай да бір норма дамуға кедергі келтірсе, оны өзгерту қажет. Біз мәселелерді тіркеумен ғана шектелмей, оларды жүйелі шешуге көштік, – деді Қанат Шарлапаев.
Кездесу барысында жер мәселесі, инфрақұрылымға қосылу, инженерлік желілер, рұқсат беру рәсімдері, тексерулер мен қаржыландыруға қолжетімділік секілді кәсіпкерлер жиі көтеретін өзекті мәселелер талқыланды. Инвестициялық жобаларды бірлесіп сүйемелдеудің нақты әрі түсінікті тетіктерін қалыптастыру ұсынылды. Сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізу және еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру бағытында әріптестікті күшейту мәселесі қозғалды.
Жиында шағын, орта және ірі бизнеске арналған нақты қолдау құралдары таныстырылды. Атап айтқанда, шағын бизнеске арналған жеңілдетілген қаржыландыру құралы іске қосылған. Бағдарлама аясында мөлшерлеме – 13,2%, қаржыландыру көлемі – 200 млн теңгеге дейін. Республика бойынша бұл бағытқа шамамен 400 млрд теңге қарастырылған. Қаржы өндіріс пен өңдеу салаларына бағытталады. Бұл тетік агроөңдеу, құрылыс материалдары өндірісі, тамақ және жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келе жатқан Түркістан облысы үшін аса өзекті.
Бүгінде облыста жалпы аумағы 1 960 гектарды құрайтын 21 индустриалды аймақ жұмыс істейді, оның 12-сі соңғы екі жылда құрылған. Арнайы экономикалық аймақта 2 жаңа өнеркәсіптік қосалқы аймақ іске қосылды. Қазіргі таңда индустриялық және экономикалық аймақтарда құны 445,4 млрд теңге болатын 126 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 2026-2029 жылдары іске асырылуы жоспарланған 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған.
Аудан, қалаларда 25 өндірістік парк құрылуда. Бүгінде құрылысы аяқталған 45 өндірістік ғимаратта 32 жоба іске қосылған. Инвестициялық жобалардың орындалу барысы мен өзекті мәселелері апта сайын инвестициялық штаб отырысында қаралып, әрбір жоба бойынша қажетті сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу қорытындысында әкімдік пен бизнес арасындағы тұрақты әрі мазмұнды диалогты жалғастыру, инвестициялық жобаларды бірлесіп мониторингтеу және жүйелі мәселелерді Үкімет деңгейінде жедел қарау бағытындағы жұмыстар жалғасатыны атап өтілді.