Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев киелі шаһарда халықаралық атшабар ашылып, арнайы киіз үйлер тігіліп, Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды zhanamedia.kz
Өңірде Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар 14 наурызда басталады. Киелі шаһарда халықаралық атшабар ашылып, арнайы киіз үйлер тігіліп, Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланып отыр. Дайындық барысы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланып, нақты міндеттер айқындалды. Облыс әкімінің орынбасары жауапты сала басшыларына мерекені жоғары деңгейде әрі креативті форматта ұйымдастыруды тапсырды.
Жиында облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбеков, облыстық спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров және облыстық қоғамдық даму басқармасының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл баяндама жасап, мерекеге дайындық жоспарын таныстырды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің нұсқаулығына сәйкес, биыл Наурыз мейрамы Түркістанның рухани-тарихи елорда ретіндегі мәртебесін тереңдете түсу мақсатында 10 күн бойы тойланбақ. Қазіргі таңда мерекелік іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленуде. Сонымен қатар «Көрісу күні – Амал мерекесі» атауын қоғамдық айналымға енгізу бағытында да тиісті жұмыстар жүргізу ұсынылды.
Мерекелік бағдарлама аясында мәдениет ұйымдарында ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған заманауи форматтағы қойылымдар ұсынылады. Бұдан бөлек, өңірдегі цифрлық даму жетістіктері – AI, IT, VR және робототехника салаларындағы жобалар көпшілік назарына ұсынылып, оқушылар мен студенттердің интеллектуалдық еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылады.
Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, асық ату, тоғызқұмалақ және садақ ату бойынша дәстүрлі жарыстар өтеді. Түркістан төрінде ақындар аламан айтыста бас қосып, елге танымал жұлдыздар концерттік бағдарламаларын ұсынады. Одан бөлек, түрлі байқаулар мен фестивальдер, ғылыми-танымдық VR экскурсиялар, интеллектуалды ойындар, қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесі ұйымдастырылады.
Ұмыт болған ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған 10 күндік ауқымды шаралар өңірге туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Айта кетейік, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 6 наурызда облыс әкімінің қатысуымен «Әлемнің жарығы – Ана» атты салтанатты іс-шара өтеді. Шара барысында қоғамның түрлі саласында үлгі болып жүрген аналар марапатталып, құрмет көрсетіледі.



