Қазақстандық танымал әнші Төреғали Төреәлі әлеуметтік желідегі парақшасында күтпеген жаңалығын жариялады. Өнер иесі отбасымен бірге Түркістан қаласына қоныс аударғанын мәлімдеді.
Әншінің айтуынша, бұл – жай ғана мекен ауыстыру емес, жүрекпен қабылданған маңызды шешім. Ол Түркістанның тарихи әрі рухани маңызына ерекше тоқталды.
“Біз Түркістанға көшіп келдік. Бұл – жай ғана мекен ауыстыру емес. Бұл – жүрекпен қабылданған шешім. Түркістан – тарихтың үнін сақтаған, уақыттың тынысын сездірген, рухтың тамыры тереңге кеткен қасиетті шаһар…” – деп жазды өнер иесі.
Төреғали Төреәлі Түркістанды саналы түрде таңдағанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл қала – тек киелі орталық емес, сонымен қатар жаңғыру мен жасампаздықтың кеңістігі.
Әнші балаларын да осы қасиетті жерде өсіргісі келетінін жеткізді. “Балаларымыз тамырын сезініп өссін деп. Жасаған ісіміздің мағынасы терең болсын деп”, – дейді ол.
Сондай-ақ, өнер иесі Түркістанға қонақ ретінде емес, осы өңірдің дамуына үлес қосу мақсатында келгенін айтты.
“Біз бұл қалаға қонақ болып келген жоқпыз. Біз – бірге еңбек етуге, бірге өркендеуге, бірге тарих жазуға келдік. Түркістан – тек өткеннің мұрасы емес. Ол – болашақтың уәдесі”, – деп түйіндеді әнші.
Айта кетейік, Түркістан соңғы жылдары қарқынды дамып, түркі әлемінің рухани астанасы ретінде жаңа серпін алып келеді.



