2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды дайындау және өткізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Түркістан облысының мемлекеттік органдары өкілдерімен және аудан-қалалық аумақтық референдум комиссияларының төрағаларымен кеңес өткізді.
Жиынға Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Сейсенов, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Жиында сөз алған Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев өңірде референдумға дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Референдум өткізуге 1 облыстық, 17 қалалық және аудандық аумақтық, сондай-ақ 948 учаскелік референдум комиссиясы қатысатын болады. Облыстағы 948 референдум учаскесінде материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген. Барлық учаскелер жиһазбен, ұйымдастыру техникасымен, байланыс құралдарымен жабдықталған, интернетпен, дауыс беруге арналған кабиналармен және урналармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бюллетеньдерді учаскелерге жеткізу, оларды күзету, дауыс беру күні қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігі және сайлаушыларды тасымалдау мәселелері пысықталды», – деді ол.
Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаев өңірдегі референдумға дайындық жұмыстарының ұйымдастырылуы туралы баяндама жасады.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман жиынға қатысушыларға референдумды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары туралы айтты.
«Әрқайсыларыңыз алдағы саяси науқанның маңыздылығын жақсы түсінесіздер. Әсіресе дауыс беру күні азаматтармен тікелей жұмыс жүргізетін референдум комиссияларының мүшелері өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкес жүргізуі тиіс. Біздің басты міндетіміз – дауыс беру процесін заң талаптарына сай өткізу, науқанның барлық кезеңдерінде жариялылық пен ашықтықты, қоғамдық және өзге де қауіпсіздікті қамтамасыз ету», – деді ол.
Атап өту керек, Түркістан облысында референдумды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына 966 референдум комиссиясы жұмылдырылған. Оның ішінде 18 аумақтық, 948 учаскелік комиссия жұмыс істейді.
Түркістан облысының жалпы халық саны 2 млн 154 мың адамды құрайды. Оның ішінде дауыс беру құқығына ие азаматтар саны 1 187 257, бұл өңір халқының 55,4 пайызына тең.