15 наурызда өтетін республикалық референдум күні Түркістан қаласында қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, аталған шара тұрғындардың маңызды саяси науқанға қатысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Референдум күні қала тұрғындары мен қонақтары барлық автобус бағыттары бойынша қоғамдық көліктерді ақысыз пайдалана алады.
– Референдум күні тұрғындар қоғамдық көліктермен тегін қатынай алады. Тегін жол жүру мүмкіндігі қаладағы барлық автобус бағыттарына қатысты болады. Осылайша азаматтар референдум учаскелеріне еш кедергісіз жетіп, өз таңдауларын жасауға мүмкіндік алады, – деп хабарлады қала әкімдігі.
Айта кетейік, Түркістан қаласында барлығы 65 референдум учаскесі жұмыс істейді. Қала бойынша 134 094 дауыс беруші тіркелген.
Референдум учаскелері қаланың әртүрлі нысандарында ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 44 учаске жалпы білім беретін мектептерде, 7 учаске университеттер мен колледждерде және оқушылар сарайында, 3 учаске спорт мектептерінде, 4 учаске жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің ғимараттарында, 6 учаске балабақшаларда, ал 1 учаске ауруханада орналасқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында 1,2 миллионға жуық азаматтың республикалық референдумда дауыс беруге мүмкіндігі бар екені хабарланған болатын.