15 наурыз күні Түркістан облысында референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-ден бастап өз жұмысын бастады. Облыс бойынша барлығы 947 референдум учаскесі азаматтарды қабылдады. Дауыс беру науқаны кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасты.
Учаскелік комиссия мүшелері сайлаушыларды ұлттық нақыштағы киіммен қарсы алып, ерекше атмосфера қалыптастырды. Олардың айтуынша, наурызнаманың онкүндігімен тұспа-тұс келген маңызды саяси шараны ұлттық киіммен өткізу – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, патриоттық рухты насихаттаудың бір көрінісі.
Комиссия мүшелері дауыс беруге келген азаматтарды жылы қарсы алып, референдумның заң талаптарына сәйкес әрі ашық өтуін қамтамасыз етті.
Айта кетейік, Түркістан облысында 1 187 257 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Бұл өңір халқының 55,4 пайызын құрайды. Өңір тұрғындары елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқанға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады.