Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Үндеу аясында елімізде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы бастау алып, Түркістан облысында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған игі бастама Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда.
Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген акцияның мәні айрықша. Ұлыстың ұлы күні – табиғаттың жаңарып, тіршілік атаулының түлейтін кезеңі. Осыған орай, Наурызнаманың «Тазару күні» аясында облыстың шығыс қақпасы саналатын Түлкібас ауданында кең ауқымды экологиялық іс-шара өтті.
Табиғаты көркем, Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орналасқан Түлкібас өңірі – бұлақтар мен өзендердің мекені. Мұнда жеті өзен бастау алып, жүзге жуық табиғи бұлақ халық игілігіне қызмет етіп келеді. Бұл – өңірдің экологиялық және әлеуметтік тіршілігінің маңызды негізі.
Экологиялық акцияға облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір басшылығы, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер мен жастар қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті. Акция барысында «Әулие бастау» бұлағының көзі тазартылып, айналасы абаттандырылды. Сонымен қатар, бұлақ маңына ағаш көшеттері отырғызылды.
Облыс әкімі өз сөзінде бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті:
– «Мөлдір бұлақ» – тек бір күндік шара емес, бұл – болашақ ұрпаққа таза табиғат қалдыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Су ресурстарын сақтау – баршамызға ортақ міндет. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халық даналығы осы бастаманың мәнін айқындайды», – деді Нұралхан Көшеров.
Айта кетейік, «Әулие бастау» бұлағы 1940 жылдан бері өңір халқын сумен қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде ол бірнеше елді мекеннің ауыз суы мен ауыл шаруашылығы қажеттілігін өтеп отыр.
Жалпы, Түлкібас ауданында 59 елді мекеннің 49-ы табиғи бұлақ көздерінен ауыз су тұтынады. Сонымен қатар, 111 канал арқылы 13 832 гектар ауыл шаруашылығы жері суарылуда. Бұл – табиғи су көздерінің стратегиялық маңызын айқын көрсетеді.
Аталған күні экологиялық акция облыстың барлық аудандарында бір мезетте ұйымдастырылып, 1500-ге жуық адам қатысты. Ал «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында өңір бойынша 1,3 миллионға жуық тұрғын қатысып, 1 миллионнан астам ағаш көшеттері отырғызылған.
Алдағы уақытта бұлақ көздерін сақтау және тиімді пайдалану мақсатында заманауи тәсілдер енгізіліп, цифрландыру элементтері, соның ішінде QR-кодтар орнату жоспарлануда.
«Мөлдір бұлақ» акциясы – табиғатты қорғаумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыратын маңызды бастама. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.