Кентау қаласында «ТазаLike» экологиялық фестивалі аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – табиғи су көздерін қорғау, өзен-көлдердің тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы бағытта қала аумағындағы су арналары, бұлақ көздері мен су жағалауларында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.
Акция барысында аталған аумақтар тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар атқарылды. Экологиялық бастамаға қала тұрғындары, еріктілер, түрлі мекеме қызметкерлері мен жастар белсенді қатысып, табиғатты қорғау ісіне өз үлестерін қосты.
Нәтижесінде, 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, 1000-нан астам адам тартылды. Жалпы көлемі 10 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Мұндай игі шаралар өңірде экологиялық мәдениетті нығайтуға, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Кентау қаласының әкімдігі тұрғындарды тазалықты сақтауға және табиғатты қорғауға белсенді атсалысуға шақырады.