Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қолға алынған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы Түркістан облысы көлемінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Аталған акция Сарыағаш ауданы аумағында да кең қолдау тауып, тұрғындардың белсенді қатысуымен өтуде. Бүгін ауданға қарасты Бағыс ауылы елді мекенінде табиғатты қорғауға бағытталған ауқымды экологиялық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен белсенді жастар қатысып, тазалық жұмыстарын бірлесіп жүргізді.
Акция барысында республикалық маңызы бар магистралды канал тазартылып, оның айналасы абаттандырылды. Бағыс елді мекеніндегі каналдарды тазарту жұмыстарына 3 арнайы техника жұмылдырылып, 300-ден астам адам атсалысты.
Сонымен қатар, экологиялық акция ауданның барлық елді мекендерінде бір мезетте өткізіліп, оған 2 мыңнан астам тұрғын қатысты. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асатын каналдар мен арық-атыздар тазартылып, жұмысқа 12 техника тартылды.
«Мөлдір бұлақ» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастама ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал ететін игі шара.
Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қоса бермек.