Ордабасы ауданы аумағында орналасқан Көзді ата бұлағы маңында кең көлемді экологиялық тазалық шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара аудан әкімі Азат Оралбаев бастамасымен өтті.
Ауқымды акцияға ауыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары, бөлім басшылары және еріктілер қатысып, табиғатты қорғау жолында бірлесе еңбек етті. Жалпы шараға 500-ге жуық адам жұмылдырылды.
«Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен тазалық жұмыстары барысында бұлақ көзі ашылып, айналасы күл-қоқыстан толық тазартылды. Сонымен қатар, бұлақ маңын абаттандыру, оны келешекте халық игілігіне арналған, келушілерге қолайлы демалыс орнына айналдыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Шара барысында ауыл ақсақалдары табиғатты қорғау – әрбір азаматтың басты парызы екенін атап өтті. Олардың айтуынша, табиғи су көздерін сақтау – елдің ырысы мен берекесінің негізі.
Жалпы, аудан аумағында 20-ға жуық бұлақ көзі бар. Қазіргі таңда аталған нысандардың барлығында дерлік тиісті мекеме қызметкерлері, абаттандыру саласының мамандары, ауыл тұрғындары мен еріктілер бірлесіп, бұлақ көздерін ашу, айналасын тазарту және ретке келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
Мұндай игі бастамалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға да зор ықпал етуде.