Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы – қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
Аталған жоба аясында Түркістан облысы көлемінде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Төлеби ауданы аумағында ұйымдастырылған кезекті тазалық шарасы.
Акция аясында ауданның төрт бірдей елді мекенінде орналасқан бұлақ көздері тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Шілтер әулие бұлағы, Нұр-Ата бұлағы, Жылақ-Ата бұлағы және Георгий әулие бұлағы аумақтары толық тазаланып, ретке келтірілді.
Іс-шара барысында бұлақ көздерін ашу, санитарлық тазалау, тал егу, әктеу және абаттандыру жұмыстары кешенді түрде атқарылды. Жалпы 250 түп ағаш отырғызылып, табиғи су көздерінің ағысын қалпына келтіруге және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға басымдық берілді.
Экологиялық акцияға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жетекшілік етіп, 30-ға жуық зиялы қауым өкілдері, 45 жұмысшы және 70 ерікті қатысты. Сонымен қатар жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау үшін 5 трактор, 3 «КамАЗ» жүк көлігі және 3 арнайы су таситын техника жұмылдырылды.
Жалпы, аудан аумағында 100-ден астам бұлақ көзі бар. Қазіргі таңда негізгі бұлақтар тұрақты түрде тазаланып, күтіп-ұсталып келеді.
Айта кетейік, облыс көлеміндегі «Мөлдір бұлақ» акциясы Түлкібас ауданы аумағында бастау алып, оған Нұралхан Көшеров қатысқан болатын.
Бүгінгі атқарылған жұмыстар – «Таза Қазақстан» бастамасының өңірдегі нақты жүзеге асуының айқын көрінісі. Тазалық пен табиғатты қорғау – әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс маңызды құндылық.