KAZENERGY қауымдастығы алаңында жанар-жағармай нарығындағы баға қалыптастырудың өзекті мәселелері мен саланың алдағы даму бағыттарына арналған маңызды кездесу өтті. Іс-шараға сарапшылар, салалық қауымдастықтар, нарықтың түрлі сегменттерінің өкілдері, сондай-ақ ҚазМұнайГаз ҰК АҚ және мемлекеттік органдар қатысты.
Кездесу барысында негізгі назар АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын реттеу мәселелеріне аударылды. Қатысушылардың айтуынша, қазіргі қолданыстағы баға шектеулері өндірістік, логистикалық және операциялық шығындардың өсуімен қатар нарық субъектілеріне қосымша қаржылық жүктеме түсіруде.
Сарапшылар бұл факторлар сала тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Әсіресе, бағаны жасанды түрде ұстап тұру ұзақ мерзімді перспективада инвестициялық тартымдылықты төмендетіп, инфрақұрылымның жаңартылуына кедергі келтіруі ықтимал.
Кездесу барысында жанар-жағармай нарығын одан әрі тұрақтандыру, тиімді баға қалыптастыру тетіктерін жетілдіру және нарықтың барлық қатысушылары үшін теңгерімді жағдай жасау бойынша ұсыныстар айтылды. Қатысушылар ашық диалог пен мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар саланы дамытуға бағытталған ұсыныстарды бірлесіп пысықтауды және жүйелі шешімдер қабылдау бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.