Түркістан облысында 2026 жылы 1 миллион көшет отырғызу жоспарланып отыр

Түркістан облысында көгалдандыру және орман алқаптарын ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бастама Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында берілген тапсырмасы аясында жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы республика көлемінде 2 миллиард ағаш отырғызуды міндеттеген болатын.

Осыған сәйкес, Түркістан облысында 2021–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, орман қоры жерлеріне 110 мың гектар аумаққа 170 миллион көшет отырғызу көзделген. Қазіргі таңда 2021–2025 жылдар аралығында 96 мың гектар жерге 146 миллион түп көшет отырғызылып, жоспар 116 пайызға артығымен орындалды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Жиында облыс басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне көктемгі ағаш отырғызу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар кейбір өңірлерде суару жүйелері мен қоршау жұмыстарының жеткіліксіз жүргізіліп жатқанын сынға алып, көшеттердің күтіміне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлеповтің мәліметінше, 2026–2027 жылдары қалған 14 мың гектар аумаққа 24 миллион түп көшет отырғызу толық аяқталады. 2026 жылдың наурыз айында 13 600 гектар жер жырту жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.

2025 жылы облыстағы орман шаруашылығы мекемелеріне қарасты 22 тұқымбақта 30 миллионға жуық көшет өсіріліп, орман алқаптарын толықтыру мақсатында 10 миллионнан астам көшет отырғызылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елді мекендерді көгалдандыру бағытында 2026 жылы облыс бойынша 1 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 312 мың данасы аудан және қалаларға таратылған. Көктемгі маусымға дайындық аясында 374 гектар аумақ қамтылып, суару жүйелерінің дайындығы 80 пайызды, ал қоршау жұмыстары 84 пайызды құрап отыр.

Сонымен қатар, облыстың 13 аудан және қала әкімдіктерінде арнайы жер телімдері бөлініп, тұқымбақтар ашылған.

Наурызнама аясында 23 наурыз – Тазару күніне орай ұйымдастырылған экологиялық акция барысында 46 гектар жерге 32 256 түп көшет отырғызылып, 821 гектар аумақ тазартылды. Нәтижесінде 1032 тонна қоқыс шығарылды.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласы маңында 30 мың гектар аумақта «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда оның 29 544 гектары мемлекеттік орман қоры санатына енгізілген. 2026 жылдың жоспарына сәйкес, көктемде 100 гектар аумаққа 294,1 мың түп сексеуіл, ал күзде 9 415 гектар жерге 776 мың түп жапырақты ағаш көшеттері отырғызылады.

Жасыл белдеуді суару үшін 390 су ұңғымасы жұмыс істейді. Биыл олардың 60-ына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, жазғы кезеңде көшеттерді тиімді суару мақсатында тамшылатып суару жүйелерін жаңарту және қосымша қуатты су айдау құрылғыларын орнату жоспарланған.

Жалпы, Түркістан қаласы мен облыс аумағында көгалдандыру және экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.

Танымал жаңалықтар

Жаңалықтар

Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын орындау аясында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді

Премьер-министр Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында алға қойған...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясына қатысу үшін NEST конгресс орталығына келді

«Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» тақырыбына арналған көшбасшылар пікірталасына Солтүстік...

Ключи от квартир — молодым ученым! И не просто ключи, а уже готовое жилье с мебелью.

В День работников науки Касым-Жомарт Токаев сделал шикарный подарок...

Мұнай төмен құлдырағанымен, енді ештеңе шешпейді

2026 жылдың бірінші тоқсаны Қазақстан экономикасы үшін шынайы сынақ...