Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар білім беру бастамаларын іске қосу рәсіміне қатысты.
Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub жанынан Tomorrow School жасанды интеллект мектебі құрылған болатын. Енді аталған жобаның табысты тәжірибесін ел көлемінде тарату көзделіп отыр.
Салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысы телекөпір арқылы еліміздің 14 өңірінде Tomorrow School мектептерінің желісін ашты.
Аталған білім беру ұйымдарында кәмелет жасқа толған азаматтар, соның ішінде ақпараттық технологиялар саласына енді қадам басқан жастар тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл бастама елімізде цифрлық сауаттылықты арттыруға, жаңа буын ІТ мамандарын даярлауға және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған.



